АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекеттік ведомстволарға Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімге сай Иранға салынған санкцияларды жоюдың АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне сай келетініне 90 күн ішінде талдау жасауды тапсырды. 18 сәуірде АҚШ мемлекеттік департаменті конгресті Иранның 2015 жылы әлемдік алты державамен жасасқан ядролық келісімінің талаптарын орындап отырғанынан хабардар еткен. Мемлекеттік департамент сонымен қатар келісімге сай санкцияны жеңілдету режимін ұзартқанын да хабарлаған.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсер журналистерге Трамптың "сақтық танытып отырғанын" айтты. Конгресс әр 90 күн сайын Тегеранның келісімді бұзбағаны жөнінде хабар алып отыруы тиіс.
19 сәірде Эр-Риядқа барған АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Иранның "Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты шайқалту рөлін атқарып отырғанын" мәлімдеген. "Аймақтың қай жерінде проблема болса, сол жерге Иранның қатысы бар болып шығады" деді Мэттис Сауд Арабиясының басшылығымен жасаған келіссөзінде.