Accessibility links

Хабаровскідегі ФСБ кеңсесіне шабуылда Қырғызстан азаматы жараланған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің Хабаровск қаласында федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мекемесінің қабылдау бөлмесіне жұма күні жасалған шабуыл кезінде Қырғызстан азаматы жараланған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі Қырғызстан сыртқы істер министрлігі мен Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің Хабаровск қаласындағы басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Олардың мәліметі бойынша, ФСБ басқармасына аудармашы ретінде шақырылған Талант Жумаев оқиға барысында зардап шеккен. Жумаевтың хал-жағдайын білу үшін Хабаровск қаласындағы Қырғызстанның құрметті консулы Қадырбек Мырзабаев ол жатқан ауруханаға барған. Аурухана мәліметі бойынша, қырғызстандық азамат жан сақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оның жағдайын «тұрақты ауыр» деп бағалаған.

Ресейдің Хабаровск қаласындағы ФСБ басқармасының қабылдау бөлмесінде сәуірдің 21-і күні қарулы шабуыл жасалып, осы мекеменің қызметкері және сол күні басқармаға барған ТМД елдерінің бірінің азаматы қаза тапқан.

ФСБ басқармасының хабарлауынша, мекеменің қабылдау бөлмесіне кіріп келген қарулы адам оқ атқан. ФСБ-ның ақпараты бойынша, шабуылды Хабаровск өлкесінің тұрғыны жасаған. Тергеушілер ол адамның неонацистік топпен байланысы болған деп санайды.

XS
SM
MD
LG