Қазақстанда жыл сайынғы «Бүгінгі француз киносы» фестивалі басталды, биыл ол алғаш рет Алматы мен Астана қалаларында қатар өтіп жатыр деп хабарлайды Tengrinews сайты. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған кинофестиваль аясында көрерменге әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылады.
Фестиваль бағдарламасына енген шығармалар арасында Пьер Ришар, Катрин Денев, Кристиан Клавье сынды әйгілі кино шеберлері түскен шытырман оқиғалы кино, мелодрама, комедия, анимациялық және қысқа метражды фильмдер бар.
Алматыда француз киносы фестивалі «Арман» кинотеатрында өтіп жатыр. Сәуірдің 25-і күні Астана қаласында фестивальдің ресми жабылу рәсімі өтеді деп хабарланды.