Accessibility links

Грузия Шешенстан билігіне жақпай қалған адамға босқын мәртебесін бермеді


Шешенстан тумасы Тумсо Абдурахманов.
Шешенстан тумасы Тумсо Абдурахманов.

Тбилиси қалалық соты Грузияның босқындар ісі және орналастыру жөніндегі министрлігінің Шешенстан тумасы Тумсо Абдурахмановқа саяси босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімін күшінде қалдырған. Сот министрліктің Абдурахмановқа саяси босқын мәртебесін беру «кейбір жағдайларға байланысты ел мүддесіне қайшы келеді» деген уәжі иланымды дәлел бола алады деп ұйғарған.

Тумсо Абдурахманов көлігімен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың жақын туысы және оның әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Ислам Қадыровтың кортежінің жолын кесіп өтіп кеткеннен кейін Шешенстан билігі өзін қырына алғанын айтып, Грузиядан саяси баспана сұраған еді. Кортежге байланысты оқиғадан соң көп ұзамай Шешенстанда Абдурахмановтың үстінен «заңсыз қарулы топ құрамында болған» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Солтүстік Кавказдан шыққан босқындар ісімен жиі айналысатын адвокат Гела Николаишвили Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбатында Тбилиси қалалық соты «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» грузин заңындағы баптардың бірін басшылыққа алғанын айтқан. Бұл заңда егер ел мүддесіне қайшы келетін болса шетелдік азаматқа босқын мәртебесін беруден бас тартуға болатыны туралы жазылған. «Бірақ ол қандай «мүдделер» екенін түсіндіру туралы сұрағымызға арнайы қызметтен келген жауапта ол іске «құпия» белгісі соғылғаны туралы жазылған» дейді адвокат. Ол Абдурахмановқа босқын мәртебесін беруден бас тартудың шынайы саяси себебі - Тбилиси Грозный мен Мәскеуді шамдандырғысы келмейді деп санайды.

XS
SM
MD
LG