Accessibility links

Тәжікстанда мемлекеттік БАҚ Рахмонның атағын толық атауға міндеттелді


Эмомали Рахмон, Тәжікстан президенті.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан президенті.

Тәжікстанда мемлекеттік БАҚ журналистері ел президенті Эмомали Рахмон туралы материалдарында оның "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - Ұлт көшбасшысы" деген атағын толықтай жазып, көрсетуге міндеттелді деп хабарлады Азаттықтың Тәжік редакциясы.

Тәжікстанның мемлекеттік радиосының директоры Фаррух Зиеев Азаттықпен әңгімесінде ресми хабарламаларда Рахмонның "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - Ұлт көшбасшысы" деген атағын атап өту заң талабы және журналистер оны орындауы тиіс екенін айтты. "Бірақ кейде журналистер президентті "мемлекет басшысы" немесе жай ғана "ұлт көшбасшысы" деп атаған жағдайлар да кездеседі. Ал ресми хабарларда атағын толық көрсетуі тиіс. Журналистерден заң талабын орындау ғана талап етіледі" деді Зиеев.

Тәжікстанда "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - Ұлт көшбасшысы туралы" заң қабылданған соң қылмыстық кодексте осы атақты иеленген адамға тіл тигізгендерді жауапқа тарту қарастырылған. Бірақ тәжік заңгері Шокирджон Хакимов Азаттықтың Тәжік редакциясымен сұхбатында тәжік президентінің атағын көрсетпегені немесе қысқартып айтқаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылмағанын айтады.

2015 жылы желтоқсанда Тәжікстанда ұлт Эмомали Рахмонға президент кезіндегі кез-келген қызметі үшін құқығына қол сұғылмауын қамтамасыз ететін ұлт көшбасшысы туралы заң қабылданған. Мұндай заң Қазақстанда да бар. Қазақстанды СССР кезінен бері басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да "ұлт көшбасшысы" деген атағы бар және ол қылмыстық қудалаудан қорғалған.

XS
SM
MD
LG