Accessibility links

Ақтөбедегі тасқыннан 77 үй құлаған


Су басқан үй. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.
Су басқан үй. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

«Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 77 үй құлап, мүлдем жарамсыз болып қалған» деп хабарлады қала әкімдігіндегі арнайы комиссия мүшесі Сұлупан Шынтасова.

Оның сөзінше, су басқан жерлерде қазір жеті мобильді топ жұмыс істеп жатыр, шығынның нақты көлемін жылжымайтын мүлікті бағалайтын тәуелсіз мамандармен бірлесе отырып анықтайды.

Қала билігі үйлерін су басып қалғандықтан қала мектептерін паналаған 110 отбасын өткен сенбі күні жалдамалы пәтерлерге көшірген.

Қала әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаеваның сөзінше, су тасқынына орай құрылған «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорының есеп-шотына 13 миллион теңгеге жуық қаржы түскен.

«Соның 3 миллион 300 мың теңгесін 110 отбасына бөліп бердік. Олар дүние-мүліктері әбден кепкенше 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады» дейді ол.

Су тасыған кезде Ақтөбенің Елек және Қарғалы өзендерін жағалай қонған елдімекендер мен саяжайлар тасқынның астында қалған. Баспанасыз қалған 2 мыңға жуық тұрғынның 800-ге жуығы бір апта бойы қала мектептерінің спорт залдарын паналады. Тасқыннан зардап шегушілер көшірілген соң олар бір апта бойы тұрақтаған орта мектептер зарарсыздандырылып, қалыпты жұмыс режиміне көшкен.

XS
SM
MD
LG