Accessibility links

АҚШ Сириядағы химиялық шабуылға байланысты санкция салды


АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Сириядағы ықтимал химиялық шабуыл құрбандарының суретін көрсетіп тұр. 5 сәуір 2017 жыл.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Сириядағы ықтимал химиялық шабуыл құрбандарының суретін көрсетіп тұр. 5 сәуір 2017 жыл.

АҚШ билігі Сирияда сәуірдің басында бейбіт тұрғындарға химиялық қару қолданылып шабуыл жасалғаны үшін Сирия билігінің өкілдеріне қарсы "шұғыл санкция" салынатынын жариялады. АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, енді АҚШ территориясында Сирияның ғылыми-зерттеу орталығының 271 қызметкерінің барлық активтері бұғатталады және америкалықтарға да ол адамдармен бизнес жасауға тыйым салынады.

Қаржы министрлігінің мәлімдемесінде бұл орталық Вашингтон 4 сәуірде Сирия билігі қолданған деп санайтын "химиялық қаруды жасап шығарғаны" айтылады. Қарулы оппозиция бақылауындағы Идлиб провинциясында 4 сәуірде жасалған шабуылдан 87 адам, оның ішінде әйелдер мен балалар да қаза тапқан.

АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучиннің мәлімдеуінше, ғылыми орталыққа қарсы бұл шұғыл санкциялар "Сирия президенті Башар Асадтың жазықсыз ерлер, әйелдер мен балаларға қарсы жантүршігерлік химиялық шабуылы үшін салынған". Ол санкцияларды Вашингтонның "бүкіл Сирия билігін жауап беруге шақыратын" үндеуі деп атады.

7 сәуірде АҚШ химиялық қару шабуылына жауап ретінде Сириядағы Башар Асад әскерінің әуе базасын қанатты зымырандармен атқылаған.

XS
SM
MD
LG