"Қазақмыс" компаниясы бүгін өндірісте жараланған тағы бір жұмысшының ауруханада көз жұмғанын хабарлады. Компания ақпаратына қарағанда, "Қазмыстелеком" телекоммуникациялық кәсіпорнының Жезқазған байланыс цехының 1989 жылы туған инженері монтаждау жұмыстарын жасап жүргенде биіктен құлап, жараланған. Жезқазған қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған жұмысшы 25 сәуірде көз жұмған. Жұмысшының биіктен қашан құлағаны айтылмайды.
"Қазақмыс" компаниясында сәуірде осымен екінші жұмысшы өндірісте мерт болып отыр. Сәуірдің басында компанияның Жезқазғандағы ТЭЦ-інде электр слесарі болып істейтін 1990 жылы туған жұмысшы ток соғып қаза тапқан.