Ақтөбе облысында бұрын сотталған, "дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын" тұрғын қару-жарақпен ұсталды деп хабарлады облыстық ішкі істер департаменті (ІІД).
Ресми органның мәліметіне қарағанда, 1986 жылы туған күдіктіні 14 сәуір күні ұйымдасқан қылмыспен күрес және экстремизмге қарсы әрекет бойынша басқармалары бірлесіп ұстаған. Оның көлігін тінту кезінде ұрыста қолданылатын үш аңшы қаруы тәркіленген. Полиция ұсталған тұрғынның "адамды заңсыз бас бостандығынан айырып, тонады" және "Өзбекстан азаматы мен Ақтөбе қаласының тұрғынын құлдықта ұстады" деген күдікке ілініп, қамауға алынғанын айтады.
Полиция күдіктінің үстінен бірнеше рет атыс қаруын заңсыз жасау, атыс қаруын заңсыз сақтау, тасымалдау, адамды қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру, күш қолдану қатерін төндіру арқылы тонау баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
ІІД күдікті бұрын бірнеше рет бұзақылық жасап, заңсыз қару операциясына, кісі өліміне қатысты үш рет сотталған дейді.