Accessibility links

Франция Косовоның экс-премьерін экстрадициялаудан бас тартты


Рамуш Харадинай соттан шыққан журналистер алдында сөйлеп тұр. Франция, 27 сәуір 2017 жыл.
Рамуш Харадинай соттан шыққан журналистер алдында сөйлеп тұр. Франция, 27 сәуір 2017 жыл.

Францияның апелляциялық соты бүгін Белградтың Косовоның бұрынғы премьер-министрі Рамуш Харадинайды Сербияға экстрадициялау туралы өтінішін қабылдамай тастады. Сот Харадинайды босату туралы қаулы шығарды. Сербия Харадинайды әскери қылмыс жасады деген айыппен соттағысы келеді.

27 сәуірде шыққан сот шешімінен соң Харадинай Сербияның экстрадиция туралы өтініші қабылданбағанын және құқықтық процедура осымен жабылғанын мәлімдеді. "Мен қазір бостанмын және Косовоға бүгін-ақ орала аламын" деді Харадинай Францияның солтүстік-шығысындағы Кольмар қаласындағы соттан шыққан соң.

Сербия билігі Рамуш Харадинайды Косоводағы 1998-1999 жылдары болған тәуелсіздік үшін соғыста дала командирі болып тұрғанында әскери қылмыс жасады, адам ұрлап, азаптады деп айыптап, іздеу жариялаған. Ол Францияда 4 қаңтарда ұсталған. Өткен айдағы сот тыңдауында ол өзін "саяси тұтқынмын" деп атаған.

48 жастағы Харадинай әскери қылмыс жасады деген айыппен екі рет сотталып, Гаагадағы Халықаралық сот оны ақтаған. Ол 2004 жылы Косовоның премьер-министрі болып сайланып, 100 күннен соң Гаагадағы сотта жауап беру үшін қызметінен кеткен. Халқының көпшілігі этникалық албандар құрайтын Косово 2008 жылы Сербиядан тәуелсіздігін жариялаған. Косовоның тәуелсіздігін 114 мемлекет мойындаған.

XS
SM
MD
LG