Accessibility links

АҚШ-та Ресейдің екі азаматы сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ соты жұма күні электронды құрал-жабдықты ұрлау және заңсыз экспорттау айыбы тағылған Ресейдің екі азаматы – 33 жастағы Дмитрий Карпенко мен 27 жастағы Алексей Крутилинге қатысты үкімін жария етті. Бұл туралы Нью-Йорктің федералдық прокуратурасы хабарлады.

Сот 2016 жылғы қазан айынан бері қамауда болған ресейлік екі азаматтың абақтыда өткізген уақытын жаза мерзіміне есептеп, екеуін де Ресейге депортациялау туралы үкім еткен.

Карпенко мен Крутилинді өткен жылы күзде Денверде зымыранды бағыттау жүйесі мен радарларда пайдаланылатын микроэлектроника бөлшектерін сатып алмақ болған кезде «сатушы» кейпіне еніп, олармен байланысқа шыққан федералдық арнайы қызмет өкілдері ұстаған. Екеуі де айыптарын мойындаған. Ресейліктердің адвокаттары «сотталушылар өздері жасамақшы болған мәміленің заңсыз екенін түйсінгенімен, екеуі де әлгі құрал-жабдықты сатып алуға ниетті болмаған, бұл заттарды олардың жұмыс берушісі – ресейлік Аелек компаниясы сатып алуы тиіс еді» деп мәлімдеген. Адвокаттар сотталушылардың айыбын жеңілдететін жағдайларды ескеріп, оларға жеңіл жаза тағайындағаны үшін федералдық судья Лео Глассерге алғыс білдірген.

Бұл іс бойынша айыпталған тағы бір адам - электроника бөлшектерін алып-сатумен айналысқан бірнеше жалған фирманың басшысы, АҚШ азаматы Алексей Барышевке үкім шілде айында шығады деп хабарланды.

XS
SM
MD
LG