Accessibility links

Қазақстанда сенат сайлауына кандидат ұсыну басталды


Қазақстан парламенті сессиясының отырысы. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан парламенті сессиясының отырысы. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда бүгін парламент сенаты депутаттығына кандидат ұсыну басталды. Осының қарсаңында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев сенат депутаттарының кезекті сайлауын маусымның 28-і күні өткізу туралы жарлық шығарған.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, 2011 жылғы тамыздың 19-ында сайланған сенат депутаттарының өкілеттігі биыл тамыздың 31-інде аяқталады. Биылғы сайлауда Қазақстанның 16 өңірінен сенатқа бір-бір депутаттан сайланады. Сенат депутаттығына кандидат ұсыну мамырдың 28-іне дейін, оларды тіркеу - маусымның 7-іне шейін жүргізіледі.

Қазақстан заңнамасы бойынша, сенат депутаты жанама сайлау жолымен – жергілікті мәслихаттар депутаттарының дауыс беруі арқылы сайланады. Конституция мен сайлау туралы заңға сәйкес, жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс стажы бес жылдан кем емес, ел аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауысқа түсетін өңір аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы парламент сенатының депутаты бола алады.

Парламент сенатындағы 47 депутаттың 15-ін ел президенті тағайындайды, 32-сін (ел астанасы мен республикалық маңызы бар қаладан және әр облыстан екі-екі адамнан) жергілікті мәслихаттар 6 жылға сайлайды. Депутаттардың жартысы үш жыл сайын жаңарып тұрады. Соңғы рет сенат сайлауы 2014 жылы қазанда өткен.

XS
SM
MD
LG