Accessibility links

Ресейдің кей қалаларында "Надоел" акциясына қатысушыларды ұстады


"Открытая Россия" қозғалысы белсенділері ұйымдастырған "Надоел" акциясы кезінде көшедегі полиция қызметкерлері. Мәскеу, 29 сәуір 2017 жыл.
"Открытая Россия" қозғалысы белсенділері ұйымдастырған "Надоел" акциясы кезінде көшедегі полиция қызметкерлері. Мәскеу, 29 сәуір 2017 жыл.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ел президенті Владимир Путиннен 2018 жылғы мемлекет басшысы сайлауына түспеуін талап ету мақсатымен "Надоел" ("Мезі еттің") деп аталатын акцияға шыққан ондаған адам ұсталған. Бұл акцияны Ресейдің 31 қаласында өткізу жоспарланған еді. Кей қалаларда билік орындары акцияны өткізуге келісім берген. Әлеуметтік желі қолданушыларының хабарлауынша, Санкт-Петербургте полиция қызметкерлері белсенділерге қарсы күш қолданған.

Шараны ұйымдастырушы "Открытая Россия" қозғалысының хабарлауынша, Тулада полиция "Надоел" акциясына шыққандардың барлығын - отызға тарта адамды ұстаған. Полиция қызметкерлері шараға қатысушы белсенділердің Владимир Путинге 2018 жылғы Ресей президенті сайлауына түсуден бас тарту туралы талаптарын жазған хаттарын тартып алған.

Мәскеуде ондаған белсенді Ресей президенті әкімшілігіне барғанда ғимаратты жүздеген полиция қызметкерлері күзетіп тұрған. Полиция келген азаматтарға Владимир Путинге жазған хаттарын президент кеңсесінің қабылдау бөлмесіне тапсыруға мүмкіндік берген. Бұл акцияның мақсаты да сол болатын.

Бұған дейін сенбі күні Кемерово қаласында полиция "Надоел" акциясына шыққан жиырмаға жуық белсендіні ұстаған. Ижевск, Таулы Алтай және Новокузнецк қалаларында шараны ұйымдастырушылар ұсталған. Бірнеше қалада, соның ішінде Новосибирск пен Томск қалаларында акция тосын оқиғасыз өткен. Сондай-ақ Уфа, Пермь, Челябинск, Саратов, Курган, Ульяновск, Қазан, Киров, Тула, Нижний Новгород пен Дондағы Ростов қалаларында азаматтар "Надоел" акциясына шыққан.

XS
SM
MD
LG