Accessibility links

БҰҰ: Иракта үш жыл құлдықта болған 36 езид құтқарылды


ИМ-нен құтқарылған қаланың тұрғындары. Ирак, 1 мамыр 2017 жыл.
ИМ-нен құтқарылған қаланың тұрғындары. Ирак, 1 мамыр 2017 жыл.

Иракта үш жыл бойы "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымында құлдықта болған 36 езид құтқарылды деп хабарлады БҰҰ.

БҰҰ-ның Иракқа қатысты гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Лиза Гранденің айтуынша, құтқарылған адамдардың арасындағы әйелдер мен балаларды Духок қаласына жеткізіп, оларға киім-кешек, тұрақ, медициналық және психологиялық көмек берген.

ИМ 2014 жылы Ирактың батысындағы Синджар қаласын қоршап алып, мыңдаған езид әйел мен қызды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, жыныстық зорлыққа ұшыратқан. Олардың кейбірі қашып құтылған, бірақ 3500-дей адам сол жерде қалған.

Экстремистер діндерінде христиандық пен зороастризм және ислам элементтері бар езидтерді дінсіз санап, қырғын мен қуғынға ұшыратқан. Жалпы саны жарты миллиондай езидтердің көбі Ирактың солтүстігіндегі Күрдістандағы лагерьлерде тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG