Accessibility links

Астана: Сирия жөніндегі келіссөз жабық өтіп жатыр


Астанадағы Сирия келіссөзіне қатысушылар. 15 наурыз 2017 жыл.
Астанадағы Сирия келіссөзіне қатысушылар. 15 наурыз 2017 жыл.

Астанада бүгін Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеу жөніндегі келіссөздің келесі кезеңі басталды деп хабарлады сыртқы істер миинстрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасаған жергілікті БАҚ. Келіссөз түске таман басталған, жабық түрде өтіп жатыр.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астанаға келіссөзге қатысуға кепіл елдер - Ресей, Түркия, Иран өкілдері, Сирия үкіметінің атынан Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар Джаафари, Сирияның қарулы оппозициясы атынан "Джейш әл-Ислам" ұйымының жетекшісі Мохаммед Аллуш келгенін хабарлаған.

Сонымен қатар келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс істері бойынша көмекшісі Стюарт Джонс, Иордания сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша көмекшісі Науаф Уасфи Тел де қатысатыны хабарланған. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Вашингтон Астанадағы келіссөзге өкілін жіберетінін хабарлаған. АҚШ делегациясы Астанадағы Сирия келіссөзіне бірінші рет қатыспақ.

Келіссөз екі күнге созылады және 4 мамырда аяқталады деп жоспарланған. СІМ 4 мамыр күні түстен кейін пленарлық отырыс және қорытынды баспасөз конференциясы болады дейді.

Астанада Ресей, Иран және Түркия ара ағайындық жасаған Сирия келіссөзі бұған дейін үш рет - 23-24 қаңтарда, 15-16 ақпанда және 15-16 наурызда өткен.

XS
SM
MD
LG