Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдің солтүстігіндегі Гүлістан провинциясында 3 мамырда шахтада болған жарылыстан соңғы мәлімет бойынша кем дегенде 35 адам қаза тапты. IRNA агенттігі жарылысқа шахтаға метан газы жиналуы себеп болғанын хабарлады. 4 мамыр күні таңертеңгі мәлімет бойынша, кеніште 39 адам қалып қойған. Құрбандар арасында құтқарушылардың бар-жоғы әзірге белгісіз.
Билік зардап шеккендердің саны 69 адамға жеткенін растады. Жарылыс түстен кейінгі уақытта болған. Шахтерлер жердің 1800 метр тереңдіктегі қабатында қалып қойған. Құтқарушылар әзірге 800 метр тереңдікке қана түсе алған. Шахтада құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.