Accessibility links

Грузияның экс-премьері мен бұрынғы әділет министрі сотталды


Вано Мерабишвили, Грузияның бұрынғы премьер-министрі.
Вано Мерабишвили, Грузияның бұрынғы премьер-министрі.

Грузияда бұрынғы премьер-министр Вано Мерабишвили мен бұрынғы әділет министрі Зураб Адеишвили 2004 жылы билігін теріс мақсатта пайдаланды деп айыпталып, сотталды. Тбилиси соты Мерабишвилиге оның ішкі істер министрі болып тұрған кездегі қызметіне байланысты айып бойынша 27 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал Адеишвили сырттай 17 айға сотталды.

49 жастағы Мерабишвили Грузияда 2003 жылғы революциядан кейінгі ең ірі саяси фигуралардың бірі болған. Ол 2004-2012 жылдары ішкі істер министрі, кейін премьер-министр болған. Бұған дейін ол билікті теріс мақсатта пайдаланды, сайлаушыларды сатып алды және адамды соққыға жығуға қатысы бар деген айыптармен бірнеше жылға сотталған. 44 жастағы Адеишвили біраз уақыт Украина үкіметінде кеңесші болып қызмет еткен. Қазір ол Украинада тұрады. Киев оны Грузияға қайтарудан бас тартқан.

Екі саясаткердің де жақтастары оларға қарсы қылмыстық істердің саяси астары бар дейді және ол Грузияның іс басындағы үкіметі жүргізіп отырған "өзіне ұнамайтындарды қудалау" саясатының бір бөлігі деп санайды. Өткен жылдың маусымында Адам құқығы жөніндегі Еуропа соты Грузия билігі Мерабишвилиді өзге себептер бойынша адам құқығы жөніндегі конвенцияны бұзып қамауда ұстап отыр деген тұжырым жасаған.

XS
SM
MD
LG