Accessibility links

БАҚ: Сирия оппозициясы келіссөздің екінші күніне әлі келмеді


БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура (сол жақта) Ресейдің келіссөздегі өкілі Александр Лаврентьевпен (оң жақта) сөйлесіп тұр. Астана, 3 мамыр 2017 жыл.
БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура (сол жақта) Ресейдің келіссөздегі өкілі Александр Лаврентьевпен (оң жақта) сөйлесіп тұр. Астана, 3 мамыр 2017 жыл.

Сирия оппозициясының делегациясы бүгін Сирия бейбіт келіссөзінің екінші күніне қатысуға әзірге келмеді деп хабарлады Астанадағы дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

Сирия оппозициясының делегациясы кеше келіссөздің алғашқы күні "Сирияда бейбіт халыққа қарсы үкімет әскерінің әуе шабуылдары тоқтағанға дейін келіссөзге қатысудан тартынатыны" хабарланған еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің бастығы Айдарбек Тұматаев оппозиция делегациясы кеше "келіссөзді тастап шықпағанын", "келіссөздің алғашқы күніндегі өзіне тиісті процесті аяқтағанын және бүгінгі пленарлық отырысқа қатысатынын" хабарлаған.

Ал бүгін келіссөзге жақын дереккөзіне сілтеме жасаған РИА "Новости" агенттігі оппозиция делегациясы келіссөздің екінші күніне қатысатынын хабарлады.

Кешегі келіссөзде Ресейдің Сирияда төрт қауіпсіз аймақ құру туралы ұсыныс жасағаны хабарланған. Оппозициялық Сирия ұлттық коалициясының (SNC) ресми өкілі Ахмад Рамадан кеше оппозиция делегациясы Астанада қалып, қақтығысты тоқтату режимінің бұзылуын талқылауға және қауіпсіздік аймақтарын құру жоспарына қатысты сұрақтарын қоюға ниетті екенін айтты

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзі 3 мамырда түсте басталған. Бүгін келіссөздің пленарлық отырысы және қорытынды баспасөз конференциясы болады деп жоспарланған.

XS
SM
MD
LG