Сирия қарулы оппозициясының делегациясы бүгін Астанада өтіп жатқан келіссөзге оралды деп хабарлады Reuters агенттігі. Оппозицияның келіссөз өтіп жатқан қонақүйге келгенін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов та растады.
Сирия оппозициясының делегациясы кеше келіссөздің алғашқы күні "Сирияда бейбіт халыққа қарсы үкімет әскерінің әуе шабуылдары тоқтағанға дейін келіссөзге қатысудан тартынатыны" хабарланған еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің бастығы Айдарбек Тұматаев оппозиция делегациясы кеше "келіссөзді тастап шықпағанын", "келіссөздің алғашқы күніндегі өзіне тиісті процесті аяқтағанын және бүгінгі пленарлық отырысқа қатысатынын" хабарлаған.
Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзі 3 мамырда түсте басталған. Бүгін келіссөздің қорытынды баспасөз конференциясы болады деп жоспарланған.