Accessibility links

Жанболат Мамайдың тергеушіге қарсы шағымы бойынша сот басталды


Журналист әрі азаматтық белсенді Жанболат Мамай (оң жақта) сот залында тұр. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Алматының Медеу аудандық сотында бүгін журналист, белсенді Жанболат Мамайдың тергеушінің өзіне қатысты әрекетіне қарсы екі шағымы бойынша сот отырысы басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева ғана кіргізілді.

Балғабаеваның айтуынша, шағым Мамайдың өзіне абақтыда қысым жасалып, соққыға жығу фактісі бойынша тергеушінің әрекетіне қатысты берілген. Адвокат бүгінгі сот Мамайдың шағымдары бойынша өтетіндіктен оны сотқа әкелуі тиіс дейді.

Жанболат Мамайдың жұбайы, белсенді Инга Иманбайдың айтуына қарағанда, бұған дейін тергеуші бүгін Мамайдың ата-анасына қоғамдық қорғаушы мәртебесі берілуі мүмкін екенін хабарлаған.

Инга Иманбай Жанболат Мамай шағымды 10 ақпан күні үйін тінтуден соң өзін алып кеткенде түсіргенін айтады. Оның сөзінше, Мамайды тергеу қорғаушы тағайындалмай тұрып басталған, Мамай өзін тергеуді қорғаушысыз бастаудан бас тартқан.

Жанар Балғабаева екінші іс бойынша барлық құжаттар, сараптама материалдары Мамайға және өзіне танысуға берілмей жатқанын айтады.

- Заң бойынша, тергеу барысында біз іс материалдарымен, сараптама қорытындыларымен танысып, оған қатысты талап-арыздарымызды білдіріп отыруға құқығымыз бар. Бірақ сот басталар алдында танысасыңдар деп, бізге материалдардың бір де бірін бермей отыр, - деді Жанар Балғабаева.

Сотқа Мамайды қолдап оны қорғау комитетінің мүшелері - журналистер, құқық қорғаушылар мен белсенділер келді. Олар сот сыртында "Жанболат! Бостандық!" деп айқайлап тұрды.

Жанболат Мамайдың жақтастары Медеу аудандық сотының сыртында оған бостандық беруді сұрап айқайлап тұр. Алматы, 5 мамыр 2017 жыл.
Жанболат Мамайдың жақтастары Медеу аудандық сотының сыртында оған бостандық беруді сұрап айқайлап тұр. Алматы, 5 мамыр 2017 жыл.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы міндетін атқарушы 28 жастағы Жанболат Мамайды бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің ұйымдастыруымен "БТА Банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Ақпанның 11-інде сот шешімімен екі айға қамалған Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген. 27 сәуірде сот Мамайды қамау мерзімін 10 маусымға дейін ұзартқан.

Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Денис Теннің өліміне күдіктіні оқиға орнына әкелді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:55 0:00
XS
SM
MD
LG