Accessibility links

Қазақстандық 4 боксшы Азия чемпионатының финалына шықты


Қазақстандық Василий Левит (қызыл формада) пен сириялық Алаа Елдин Госсун арасындағы жекпе-жек. Ташкент. 5 мамыр 2017 жыл (Сурет авторы - Данияр Майлыбаев).
Қазақстандық Василий Левит (қызыл формада) пен сириялық Алаа Елдин Госсун арасындағы жекпе-жек. Ташкент. 5 мамыр 2017 жыл (Сурет авторы - Данияр Майлыбаев).

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық төрт боксшы финалға шықты. Ал Өзбекстанның тоғыз боксшысы алтынға таласады.

Бүгін, 5 мамырда өткен жартылай финалда Абылайхан Жүсіпов (69 кг) моңғолиялық Тувшинбат Бямбаны жеңді. Енді ол финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері өзбекстандық Шахрам Гиясовпен кездеседі.

81 килограмда Ерік Әлжанов түркменстандық Нурягды Нурядиевті ұтып, финалға шықты. Әлжанов шешуші жекпе-жекте Рио олимпиадасының күміс жүлдегері өзбекстандық Бектемір Меликузиевпен рингке шығады.

91 килограмда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит сириялық Алаа Елдин Госсуннан басым түсті. Финалда үндістандық Сумит Сангванмен бокстасады. +91 килограмда Қамшыбек Қонқабаев та финалға өтті. Ол жартылай финалда иорданиялық Хусейн Яшайшты жеңді. Ал Финалда өзбекстандық Баходир Джалиловпен кездеседі.

Азамат Исақұлов (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) жартылай финалда жеңіліп, қола медаль иеленді. Исақұлов, Ибрагимов, Аманқұл 1/2 финалда төрешілер шешімімен Өзбекстан боксшыларынан жеңілді.

Ташкенттегі Азия чемпионаты 7 мамырда аяқталады. 2015 жылы Иорданияда өткен Азия чемпионатында Қазақстан бес алтынмен жалпы есепте бірінші орын алған.

XS
SM
MD
LG