Accessibility links

Ақтөбеде "сәбиін сатқан" әйел сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бүгін Ақтөбеде "перзентханадан шыға сала сәбиін сатты" деп айыпталған әйел Жанна Ақаласоваға қатысты сот үкімі шықты деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі. Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ақаласоваға 7 жыл түрме жазасын кесті.

Сот мәліметінше, сотталушының жасы 32-де. Ол биыл қаңтардың 16-сы күні өмірге келген ұлын "құрбысының танысына сатып жатқан жерінен ұсталған". Тұрақты жұмысы мен баспанасы жоқ әйел "некесіз туған баласын 60 мың теңгеге бағалаған".

"32 жастағы ақтөбелік Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлімінің 1-пункті ("кәмелетке толмағандар саудасы") бойынша айыпталған болатын. Бұл дерек бойынша, айыпталушының екі арада делдал болған құрбысы Дана Өтешова мен баланы сатып алмақ болған егде әйел Дина Досакова да қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сот үкіміне сай Ақаласованың мүлкі де тәркіленеді. Дана Өтешова да 7 жылға сотталған. Бірақ оның балалары жас болғандықтан жазаны өтеу мерзімі сот үкімімен 5 жылға шегерілді. Ал Дина Досаковаға 7 жылдық шартты жаза кесілді.

Сот биыл 6 сәуір күні басталған болатын. Анасы перзентханада Әділ деп ат қойған сәби қазір жетімдер үйінде.

XS
SM
MD
LG