Accessibility links

Трамптың жұмыс кабинетіне ТАСС фототілшісінің кіргізілуі сынға ұшырады


АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей елшісі Сергей Кислякпен жымия қол алысып тұр. Вашингтон, 10 мамыр 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей елшісі Сергей Кислякпен жымия қол алысып тұр. Вашингтон, 10 мамыр 2017 жыл.

ТАСС агенттігі фототілшісінің Ақ үйдегі АҚШ президентінің жұмыс кабинетіне кіргізілуі америкалық барлау қызметі ардагерлерінің сынына ұшырады деп хабарлады Washington Post басылымы.

ТАСС фототілшісі президент Дональд Трамптың ресейлік дипломаттармен кездесуі қарсаңында хаттама бойынша оларды суретке түсіру шарасына қатысқан.

Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) директорының бұрынғы орынбасары Дэвид Коэннің айтуынша, фотографтің президенттің жұмыс кабинетіне кіруі қауіпсіздік режимін өрескел бұзу болып саналады. Себебі тілшінің фотоаппаратында немесе басқа да техникасында жасырын түрде тыңдау құрылғысы немесе микро бейнекамера орнатылған болуы мүмкін.

Ақ үй бұл сынды терістеп, президент резиденциясына кіретін кезде ресейлік фотограф пен оның техникасы мұқият тексерілгенін, америкалық БАҚ өкілдері де қатаң тексерілетінін мәлімдеді. Бірақ бұған сын айтатындар Ақ үйге кіретіндерді қалыпты жағдайда тексергенде кейде өте айлакерлікпен жасалған аңду құралдарын анықтай алмауы мүмкін екенін айтады.

Бұдан бөлек, Ресей тарапы сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен бірге оның жеке фотографы еріп жүретінін ғана хабарлап, оның ТАСС агенттігінде де жұмыс істейтінін айтпай Ақ үйді жаңылыстырған. Ақ үй аппараты осыдан соң ТАСС сайтында Трамптың Лавровпен түскен суретін ғана емес, Ресей елшісі Сергей Кислякпен жымия қол алысып тұрған суретін де көріп таң қалған. Кисляк Трамптың отставкаға кеткен ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Флинмен байланыс орнатқанына қатысты соңғы уақытта америкалық баспасөздің назарына көп іліккен.

XS
SM
MD
LG