Accessibility links

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі бас комиссары Өзбекстанда сапарлап жүр


Зеид Раад әл-Хйсейн, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас комиссары. Ташкент, 10 мамыр 2017 жыл.
Зеид Раад әл-Хйсейн, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас комиссары. Ташкент, 10 мамыр 2017 жыл.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас комиссары Зеид Раад әл-Хйсейн Өзбекстанда сапарлап жүр. БҰҰ бас комиссары Өзбекстанға бұл ел тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері бармаған.

Зеид Раад әл-Хусейн Ташкентте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездеседі. "Эзгулик" құқық қорғау ұйымының өкілі Абдурахман Ташанов Азаттықтың Өзбек редакциясына бас комиссардың жергілікті құқық қорғаушылармен кездескенін, оған өзбек шенеуніктері де қатысқанын хабарлады. Ташановтың сөзінше, кездесуде құқық қорғаушылар БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас комиссарынан Батыс елдерінде қуғында жүрген азаматтық қоғам белсенділері мен оппозиция өкілдерінің Өзбекстанға оралуына құқықтық көмек беруді сұраған.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша директоры Хью Уильямсон Twitter-де комиссардың 10-12 мамырдағы сапарын Мирзияевтің Өзбекстанды ширек ғасырдан астам уақыт қатал билеп, өзгеше ойлауға төзбеген бұрынғы президент Ислам Каримовтің саясатын өзгертуіне мүмкіндік деп атады.

Мирзияев 30 миллионға тарта халқы бар, оқшауланған Өзбекстанда ашықтық саясатын ұстанып, көрші елдермен қарым-қатынасты жақсартуға сыңай танытқан.

HRW-дың Еуропадағы БАҚ жөніндегі директоры Эндрю Строэлейн "егер Өзбекстан бағытын расымен өзгерткісі келсе, онда комиссардың сапарымен ғана шектеліп қалмауы керегін" айтты. "Мыңдаған саяси тұтқынды босатудан бастауы керек" деп жазды Строэлейн Twitter-де.

XS
SM
MD
LG