Астанада баспанасы тұрған жер телімі "мемлекетке қажет" деген себеппен алынған Раушан Ұябаева мен бірнеше туысы тұрып жатқан үйдің сыртқы қабырғасына жапсырылған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі-түсті суреттерін сенбі күні таңертең Астана әкімдігі жанындағы "Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығы Александр Строчков бастап келген адамдар алып тастаған. Бұл туралы Азаттыққа үй иесі Раушан Ұябаева хабарлады.
- Александр Строчков пен екі адам әуелі қабырғаны үлкен материалмен көлегейлеп жауып қойды да, өздері қолдарына қапқа ұқсас зат ұстап ішіне кіріп кетті. Мен де кірмекші болған едім, олар ішке жібермеді. Біршама уақыттан соң олар әлгі материалды жинап алып кетті. Қазір қабырғада сурет қалған жоқ, - дейді Раушан Ұябаева.
"Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бастығы Александр Строчковпен байланысу мүмкін болмады.
Бұған дейін тұрғындар баспананы босатудан бас тартып, үйдің сыртқы қабырғасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреттерін жапсырып тастаған еді. Жұма күні кешке сот орындаушылар даулы үйді бұза бастаған. Олар үйдің басқа қабырғаларын қиратқанымен, президент Назарбаевтың суреті жапсырылған қабырғаға тиіспеген.
Осы үйде тұратындардың бірі Несіпкүл Ұябаева баспанаға берілетін өтемақы қаржының банктегі есепшотына аударылғаны туралы өзіне хабарлағанын, бірақ отбасы ол қаржыны алудан бас тартқанын айтқан. Ұябаевалар 2007 жылы салған, қазір жеті адам тұрып жатқан 50 шаршы метр үйі мен жердің ақысына Астанадан екі бөлмелі пәтер беруін талап еткен. Астана билігі Ұябаевлар паналап отырған саяжай жеріне салынған үй тұрақты тұруға арналмағанын және ол үйді сүргені үшін иесі Раушан Ұябаеваға төрт миллион 700 мың теңгеден артық ақша берімейтінін айтады.
Ұябаевалар тұрып жатқан "Майский" деп аталатын бұрынғы саяжай серіктестігі қала аумағына енген. Ол саяжай массивіндегі үйлерді сүру туралы сот шешімін Есіл аудандық соты 2014 жылы шығарған. 2015 жылы Астана билігі Азаттыққа берген жауабында бұл саяжайлар серіктестігінің орнына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған балабақша салу жоспарланғанын айтқан.
Ұябаевалардың үйін сүру туралы видео, 12 мамыр 2017 жыл: