Accessibility links

Азаматтық белсенді Рамазан Есіргеповке пышақпен шабуыл жасалған


Журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргепов.
Журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргепов.

Жексенбі күні Астанаға жолаушылар пойызымен кетіп бара жатқан «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы Рамазан Есіргеповке біреу пышақпен шабуылдап, жарақаттаған. Бұл туралы Азаттыққа бүгін аталған қор жетекшісі Розлана Таукина хабарлады. Оның айтуынша, Есіргепов «БТА Банктен ұрланған ақшаны газет арқылы заңдастырмақ болған» деген айып бойынша қазір Алматының тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ісі туралы, сонымен бірге кезінде сотты болған өзін ақтауға қатысты БҰҰ адам құқығы комитеті негізді деп таныған, бірақ Қазақстан соты қанағаттандырудан бас тартқан шағымы жөнінде Еуропа одағына мүше кей елдердің елшілері мен халықаралық сарапшыларға жолығып, сөйлесу үшін Астанаға кетіп бара жатқаны туралы сенбі күні Таукинаға телефонмен хабарлаған.

- Рамазан түнгі сағат бірдің шамасында Алматыдан пойызға отырған. Таңғы сағат бес шамасында біреу оның ұялы телефонынан маған хабарласып, «пышақтап тастады» деп қана айтты. Телефон соғып едім жауап бермеді. Біраздан соң тағы да сол телефоннан өзін Шу қаласы полициясының тергеушісімін деп таныстырған бір адам Есіргеповке қандай жақындығым бар екенін сұрады, оның әріптесі, журналист екенімді естіген соң тұтқаны қоя салды, - дейді Розлана Таукина.

Ол пышақтан жарақат алған Рамазан Есіргеповке Шу қаласындағы ауруханада операция жасалғаны туралы әлеуметтік желімен хабарласқан Шу тұрғындары арқылы анықтағанын айтты. «Полиция да, аурухана дәрігерлері де Есіргепов туралы бізге ештеңе айтпай отыр» дейді Таукина.

Азаттық сөйлескен тараздық құқық қорғаушы Руслан Халидов құқық органдарындағы дереккөздерден Рамазан Есіргеповтің ішінен өткір заттан жарақат алғаны, бүгін таңертең оған Шу ауруханасында операция жасалып, реанимация бөліміне жатқызылғанын анықтағанын айтып берді.

Жексенбі күні Азаттық хабарласқан Шу ауруханасы қабылдау бөлімінің медбикесі Айгүл Рахманова операциядан кейін реанимация бөлімінде жатқан Рамазан Есіргеповтің денсаулық жағдайы "тұрақты ауыр" екенін ғана айтып, басқа ақпарат беруден бас тартты. Шу қаласының полиция мекемесінен Рамазан Есіргеповке қатысты сұрақтарға жауап алу мүмкін болмады.

Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталып, жаза мерзімін түрмеде толық өтеген.

Өзіне тағылған айыпты мойындамай, кәсіби қызметімен ғана айналысқанын, өзін "саяси мақсатпен ғана" соттағанын айтқан Рамазан Есіргеповтің Қазақстанның жоғары сот инстанцияларына жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Есіргеповтің шағымын қараған БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанда оның ісі қаралған кезде сот әділдігі талаптары бұзылғаны туралы шешім шығарған. Былтыр күзде Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша соты Рамазан Есіргеповтің өзіне қатысты жеті жыл бұрын шыққан айыптау үкіміне берген шағымын қанағаттандырмай тастаған.

Журналист Рамазан Есіргепов түрмеде отырған кезде Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы оған Хеллман - Хаммет сыйлығын берген.

XS
SM
MD
LG