Ресейдің Қазан қалалық соты Австралия және Ресей азаматы, өткен жексенбіде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды президенттікке кандидат етіп ұсынуды қолдайтын акцияға қатысқаны үшін ұсталған Альберт Абузаровты 10 тәулікке қамады.
Сот Абузаровты полиция қызметкерінің заңды бұйрығына бағынбады деп айыптады. Абузаровтың адвокаты Эльза Нысанбекова сот шешіміне шағымданатынын айтты.
Навальныйдың Қазандағы үгіт-насихат клубында ұсталған тағы төрт адамның ісін қарау 30 мамырға қалдырылды. Акцияны ұйымдастырушы Азат Габдульвалеевқа қатысты "рұқсат етілмеген көпшілік шараны ұйымдастыру" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Алексей Навальный өткен жылы желтоқсанда Ресей президенті сайлауына қатысу ниеті барын мәлімдеген. Қазірге дейін оны президенттікке ұсынуды 450 мыңға тарта ресейлік қолдады. Ел аумағында Навальныйдың 30-ға тарта сайлауалды штабы жұмыс істейді. Олардың жұмысына кремльшіл белсенділер мен күш құрылымдарының қызметкерлері әлденеше рет кедергі келтіріп, киліккен.