Accessibility links

Беларусьте оппозициялық қозғалыс жеті жылдан соң тіркелді


Татьяна Караткевич, оппозициялық "Говори правду" қозғалысының жетекшісі. Минск, 16 мамыр 2017 жыл.
Татьяна Караткевич, оппозициялық "Говори правду" қозғалысының жетекшісі. Минск, 16 мамыр 2017 жыл.

Беларусьтің оппозициялық "Говори правду" ("Шындықты айт") қозғалысы жетінші жыл дегенде ресми түрде зорға тіркелді. Қозғалыс жетекшісі Татьяна Караткевич Минскіде журналистерге қозғалыс 2010 жылдан бері бірнеше рет талпынып, тіркеле алмай, таяуда ғана тіркелгенін мәлімдеді. "Бұл ұзақ жол болды. Шынымды айтайын, мен ресми құжаттар қолымызға тигенге дейін жетінші рет талпынғанымызда тіркелетінімізге сенбедім" деді 2015 жылы президент сайлауына түскен Караткевич.

Оның сөзінше, тіркелгені туралы құжаттарын берген шенеуніктер қозғалыс "беларусь заңдарын бұзбауға тиіс екенін" ескерткен. Караткевичтің мәлімдеуінше, қозғалыс ресми тіркелмегеніне қарамастан жұмыс істеп, түрлі деңгейдегі сайлауларға кандидаттарын ұсынып отырған.

Татьяна Караткевич ресми түрде тіркеле алмай жүрген өзге де қозғалыстарды тіркелуге тағы да өтініш беріп көруге шақырды. Құқық қорғаушылар 1994 жылдан бері елді басқарып келе жатқан президент Александр Лукашенко билігін өзгеше ойлайтындарды басып, ықпалды бәсекелестерін қуғындау арқылы сақтап отырғанын айтады. Сарапшылардың пікірінше, Лукашенко кейде Батыс елдерімен қарым-қатынасын жақсартып, Ресейдің ықпалын азайту үшін ара-тұра оппозицияға қысымын азайтып тұрады.

XS
SM
MD
LG