Accessibility links

Мәжіліс зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін көтеруді мақұлдады


Кітапханада отырған зейнеткерлер (Көрнекі сурет).

Парламент мәжілісінің депутаттары бүгін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңға өзгерістер енгізу жобасын мақұлдады. Өзгерістер жобасында зейнетақы мен бала туғанда берілетін жөргекпұл көлемін көтеру қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, бұл мақсатқа биыл республика бюджетінде 81,6 миллиард теңге қарастырылған.

Заң жобасы бойынша, 1 шілдеден бастап жасы мен еңбек еткен өтіліне қарай төленетін зейнетақы көлемі, мемлекет тағайындаған базалық зейнетақы мөлшері және жаңа туған балаға бір рет берілетін жөргекпұл мөлшері көтеріледі. Үкімет шілдеден бастап жұмыс өтілі немесе жасына қарай белгіленетін зейнетақы мөлшері 11 пайызға, базалық зейнетақы 13 пайызға көтерілетінін айтады. Билік жыл басында көтерілген зейнетақы мөлшерін қоса алғанда зейнетақы өсімі 2016 жылғы зейнетақы мөлшерінен 20 пайызға көтеріледі дейді. Жоба бойынша, зейнетақының ең төменгі мөлшері 45 711 теңгеге (шамамен 150 доллар) дейін, орташа зейнетақы 66 776 теңгеге (шамамен 214 доллар) дейін көтеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, зейнетақы мөлшерін кезекті рет 2018 жылдың 1 шілдесінде көтеру жоспарланған және ол базалық зейнетақыны белгілеу методикасының өзгеруімен байланысты болады.

Бүгін мәжілісте сөйлеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын төлеу жүйесін енгізу мерзімі кейінге жылжитынын хабарлады. "2018 жылдан бастап зейнетақыны жұмыс берушілердің жұмысшы жалақысының бес пайызы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасын аударуы арқылы жинау компонентін енгізу экономикалық жағдайға байланысты 2018 жылдан 2020 жылға қалдыру қарастырылған" деді Дүйсенова.

Заң жобасында мемлекет тарапынан жаңа туған балаға бір рет төленетін жәрдемақы мөлшерінің 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 20 пайызға артатыны айтылған. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанға берілетін жәрдемақы 86 222 теңге, төртінші және одан ары туған балаға берілетін жәрдемақы 142 947 теңгені құрайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG