Accessibility links

Жезқазған сотында ер адам қарнын тілді


Жезқазған сотында қарнын тілді адам. Журналист Андрей Цукановтың интернетте жариялаған видеосынан скриншот. 17 мамыр 2017 жыл.
Жезқазған сотында қарнын тілді адам. Журналист Андрей Цукановтың интернетте жариялаған видеосынан скриншот. 17 мамыр 2017 жыл.

Жезқазған қалалық сотында жас жігіт қарнын тіліп, өзін жаралады. Оқиға бүгін түске дейін болған. Оқиғаға куә болған KazINFO Today агенттігінің журналисі Андрей Цукановтың Азаттыққа айтуынша, ер адам сот төрағасымен кездестіруді талап етіп, қарнын кескен. Цуканов оқиға болған сәтте жергілікті белсенді, жала жабу айыбымен сотталып жатқан Берік Жағыпаровтың ісі қаралған сот залынан шығып, дәлізде тұрғанын айтты.

Жезқазғандық азаматтық белсенді, Қазақстан кәсіподақтары "Аманат одағының жетекшісі Берік Жағыпаров қарнын кескен адамның "Қазақмыс" корпорациясы кенішінің бұрынғы жұмысшысы Жанболат Оспанов екенін айтты. Жағыпаровтың сөзінше, оқиғадан соң ол Оспановтың корпорацияға тиісті кеніштің бұрынғы жұмысшысы екенін және өзін жұмыстан шығаруға қатысты соттасып жүргенін анықтаған.

- Ол қалалық сотта өзін жұмысқа қайта алу туралы шағымы бойынша жеңген. Кейін "Қазақмыс" облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіріп, облыстық сотта ол (жұмысшы) жеңілген, - деді Жағыпаров.

Жезқазған қалалық соты кеңсесінің қызметкері Жанна Құрманғалиева Азаттық тілшісіне телефон арқылы сот ғимаратында ер адамның денесіне жарақат салғанын ғана растап, өзге ақпарат беруден бас тартты.

Ресми ҚазАқпарат агенттігі Жезқазған қалалық сотына сілтеме жасап ер адамның сот залында денесіне жарақат салғанын және оның "турникет арқылы бақылау-өткізу бекетіне кіргенін" хабарлады. Агенттік ақпаратына қарағанда, ер адам Қарағанды облыстық соты апелляциялық алқасының қаулысына қарсылық ретінде қарны мен кіндігін кескен. Облыстық соттың апелляциялық алқасы Жезқазған қалалық сотының өзін жұмысқа қайта орналастыру туралы шешімін жойған.

Қарнын тілген адам Жезқазғанның орталық ауруханасына жеткізілді. Аурухананың жарақат пунктінің дәрігері Елдос Рахманбердиев науқастың жағдайы "қанағаттанарлық" екенін хабарлады.

- Кескен жеріндегі жарақат орны терең емес. Анализдерін алып, қараймыз, - деді Рахманбердиев Азаттыққа.

"Қазақмыс" корпорациясы Азаттықтың оқиғаға қатысты комментарий беру туралы өтінішіне ресми сауал жолдауды сұрады. Корпорацияның баспасөз хатшысы Владимир Магай Жанболат Оспановтың ісінен хабардар емесін және ақпарат беруге уақыт қажетін айтты.

XS
SM
MD
LG