АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Сирия президенті Башар Асадқа қаржылай немесе технологиялық тұрғыдан көмек беретіндерге санкция салуды қарастыратын заң жобасын мақұлдады.
Жобада америкалықтарға Асад билігімен іскерлік байланыстар орнатуға және АҚШ-қа сапарлайтын виза беруге тыйым салу ұсынылған. Санкцияға ілінгендердің АҚШ-тағы активтері мен мүліктері тәркіленбек. Санкциялар Сириядағы соғысты тоқтату жөнінде халықаралық келісім жасалғанда ғана жойылуы мүмкін. Құжатта санкцияны 2021 жылға дейін салу қарастырылған.
Өткен жылы қарашада өкілдер палатасы Дамаскінің одақтастарына санкция салатын осыған ұқсас заң жобасын мақұлдаған еді, бірақ сенат оны сол күйі қарамады.