Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлығымен айналысқан" тағы бірнеше адам ұсталды


Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысында "мұнай ұрлығымен айналысқан" деген күдікпен тағы бір қылмыстық топ мүшелері ұсталды. "Күдіктілердің бірі теріс діни ағымды ұстанады" деп хабарлайды қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысындағы мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі полициямен бірлескен арнайы операциясын 16 мамыр күні өткізген.

"Мұнай өнімдерін ұрлап, өткізуге маманданған топтан 100 тонна дизель отыны тәркіленді. Төрт адам ұсталды. Солардың бірі - теріс діни ағым жолында жүрген азамат. Осы дерекке орай 12 мекенжай тінтіліп, қару-жарақ пен қаржы, діни әдебиеттер мен түрлі заңды тұлғалардың мөрлері тәркіленді. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін сақтайтын 10 резервуарға мөр соғылып, бекітілді" делінген қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ақтөбе облысындағы мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі бұл дерекке қатысты түсініктеме бермеді. Әзірге белгілісі - 18 мамыр күні тергеу мұнай ұрлығымен айналысты деп күдік келтірілген 4 азаматты қамауға алу үшін прокуратурадан санкция сұраған.

2016 жылы желтоқсанның басында Ақтөбе мен бірнеше облыста "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясы жүргізілген болатын. Осы операция барысында 12 желтоқсан күні бірінші топтағы мүгедек Еркін Ізбасар қамауға алынды. Тергеу күдікті мен оның серіктеріне қылмыстық кодекстің "мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу" және "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру" деген баптары бойынша айыптар таққан. Бірақ күдіктілердің ешқайсы да өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Ақтөбе облыстық соты мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен қамалғандар саны былтырғы желтоқсан айынан бері 22 адамға жеткенін хабарлаған еді. 16 мамыр күні тағы 4 адамның ұсталғаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG