Accessibility links

Трамп "экстремизмді жою" үшін коалиция құруға шақырды


Дональд Трамп, АҚШ президенті. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 21 мамыр 2017 жыл.
Дональд Трамп, АҚШ президенті. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 21 мамыр 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп "экстремизмді түп-тамырымен құрту үшін" Таяу Шығыста "мемлекеттер коалициясын" құруды ұсынды. Бұл туралы ол 21 мамырда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта ондаған мұсылман елдері басшыларының алдында мәлімдеді.

Трамп саммитте сонымен қатар Иранды түрлі діни ағымдар арасында "қақтығысқа май құйып, террор ұйымдастырып" отыр деп айыптап, Тегеранды халықаралық оқшаулауға шақырды. 50-ден астам мемлекет басшыларының алдында сөйлеген Трамп экстремизммен күреске "саясаткерлер жауапты" екенін айтып, мұсылман елдерінің басшылары өз елдерінен террористерді "қуып шығуы тиіс" екенін ескертті. "Жарқын болашақ біз террористер мен экстремистердің көзін жойғанда ғана болады. Оларды қасиетті жерлерден, діни құлшылық жасайтын орындардан қуып шығыңыздар" деді Трамп. Ол "АҚШ ешкімге өзінің өмір сүру образын таңбайды, бірақ ынтымақтастық пен сенім негізінде көмек қолын созады" деді.

Эр-Риядтағы саммитке Орталық Азия елдерінің де басшылары, оның ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатыр. Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Назарбаев 21 мамырда Дональд Трамппен және АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездескенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG