Accessibility links

БЖЗҚ: Проблемалы активтер көлемі 40,5 миллиард теңгеге жетті


Сәуле Егеубаева, БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Сәуле Егеубаева, БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның айтуынша, 1 мамырдағы мәліметке сай БЖЗҚ-дағы проблемалы активтер көлемі 40,5 миллиард теңгеге (шамамен 130 миллион доллар) жетті. "Қазір бұл активтер бойынша қарызды өндіріп алу жұмыстары жасалып жатыр" деді Егеубаева. Оның сөзінше, аса проблемалы активтерге Ұлттық банк пен БЖЗҚ мониторинг жасайды, бірақ ол туралы статистика ашық жарияланбайды.

Tengrinews.kz агенттігінің хабарлауынша, Егеубаева Алматыда өткен брифингте Әзербайжан халықаралық банкіне салынған қаржы әзірге қордың инвестициялық табысы көрсеткішіне есепке алынбағанын мәлімдеді. Осы айда халықаралық кредиторларға төлем жасаудан бас тартқан Әзербайжан халықаралық банкінің облигациялары әзірге зейнетақы активтерінің балансында тұр, олардың баланстық құны 71,3 миллиард теңгеге тең.

Өткен аптада экономист әрі "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, бұрынғы инвестиция және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев Азаттықтағы AzattyqLIVE хабарында өзінің есебі бойынша қазақстандықтардың жинаған зейнетақы қаржысының 20 пайызы (1,4 триллион теңге) қауіп-қатері бар бағалы қағаздарға салынғанын айтқан.

- Несие рейтингтері және Moody's классификациясымен бағаланатын активтердің сапасына қарасақ, 593 миллиард теңгенің "спекуляция белгілері бар" бағалы қағаздарға салынғанын байқауға болады. 668 миллиард теңге, оның ішінде Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына салынған 71,3 миллиард теңге - бұл - спекулятивтік міндеттемелер. 179 миллиард теңге - сапасы өте төмен міндеттеме. 300 миллион теңге - дефолт болуға жақын немесе дефолт болған бағалы қағаздарға салынған ақша. Тағы 951 миллиард теңге мүлдем несие рейтингі жоқ активтерге салынған, - деді Рақым Ошақбаев.

Өткен аптада парламент мәжілісінің бір топ депутаты Ұлттық банк пен премьер-министрге зейнетақы қорының активтері әзербайжандық банктерге қалай салынғанын түсіндіруді талап етіп сауал жолдаған.

XS
SM
MD
LG