Accessibility links

Ресей президентін сайлау күні 2018 жылдың 18 наурызына өзгертілді


Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік дума депутаттарын сайлауыда дауыс беріп тұр. Мәскеу, 10 қыркүйек 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік дума депутаттарын сайлауыда дауыс беріп тұр. Мәскеу, 10 қыркүйек 2017 жыл.

Бүгін Ресей Мемлекеттік думасы келесі жылы өтетін президент сайлауын 2018 жылдың 18 наурызына - үш жыл бұрын Қырымның Ресейге "қосылғаны" туралы келісімге қол қойылған күнге ауыстырды. Украина мен Батыс елдері Мәскеу Қырымды халықаралық құқық нормаларын бұза отырып басып алды деп айыптап, Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп мойындаудан бас тартады.

Сайлау күнін өзгертуді Мемлекеттік думаның 381 депутаты қолдап, 36 депутаты қарсы дауыс берді, бір депутат қалыс қалды.

Депутаттар сонымен қатар аймақтық сайлау мен президент сайлауында тұрғылықты жері бойынша дауыс беруден бас тартуды қарастыратын ережені де мақұлдады. Енді тұрақты тіркелген жерінде тұрмайтын азаматтар кез-келген сайлау учаскесіне сол жерде дауыс беруге тіркеле алады.

Ресей заңдары бойынша, президент сайлауы егер жұмыс күні болмаған жағдайда наурыздың екінші жексенбісінде өткізілуі тиіс. Түзету жобасы бойынша, егер екінші жексенбі мейрам күнінің ауыстырылуына байланысты жұмыс күні деп белгіленсе, онда сайлау наурыздың үшінші жексенбісіне шегеріледі. 2018 жылы наурыздың үшінші жексенбісі 18 наурызға түседі. Заң жобасын дайындаушылар 11 наурыз Ресейде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесінен кейінгі жұмыс күні болады дейді.

Бақылаушылар Кремль қазіргі президент Владимир Путинге көбірек дауыс жинау үшін сайлаушылар санын арттырудан үміттеніп сайлауды 18 наурызда өткізбек дейді. Себебі Путин 2014 жылы 18 наурызда Қырымды Ресей құрамына қосу туралы келісімге қол қойған.

XS
SM
MD
LG