Accessibility links

Манчестердегі терактіге қатысты тағы екі адам тұтқындалды


Манчестердегі полиция қызметкерлері. Ұлыбритания, 24 мамыр 2017 жыл.
Манчестердегі полиция қызметкерлері. Ұлыбритания, 24 мамыр 2017 жыл.

Британ полициясы Манчестердегі 22 адам қаза тапқан терактіге қатысы бар деген күдікпен тағы екі адамды ұстады. Жарылысқа қатысты күдікпен ұсталғандар саны осымен сегіз адамға жетті.

Манчестер полициясының хабарлауынша, екеудің бірі Manchester Arena ғимаратында, екіншісі Манчестерге жақын Витингтон қаласының түбінде жүргізілген рейдтерде ұсталған.

Полиция бұған дейін Блэкли ауданында ұсталған күдікті әйелді ешқандай айып тақпай босатып жібергенін хабарлаған.

Жарылысты ата-анасы Ливиядан келген, манчестерлік 22 жастағы Салман Абеди жасады деп танылған. Билік Абеди экстремистік желінің мүшесі болған деп жорамалдайды.

22 адам қаза тауып, 60-қа тарта адам жараланған шабуылдың жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған. Ливия билігі өкілінің хабарлауынша, Абедидің әкесі Рамадан мен інісі Хашим Триполиде ұсталған. 23 мамырда Ұлыбританияда Абедидің ағасы Исмаил тұтқындалған.

Жарылыс құрбандарының көпшілігінің аты-жөні белгілі болды. Олардың арасында сегіз жастағы қыз, польшалық ерлі-зайыптылар мен алты жасөспірім бар.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй бүгін үкіметтің төртінші шұғыл жиынын өткізбек. Үкімет жиында теракт құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алмақ.

XS
SM
MD
LG