Accessibility links

Маңғыстауда солтүстікке шақырған еңбек жәрмеңкесі басталды


Еңбек жәрмеңкесінен көрініс. Маңғыстау, 26 мамыр 2017 жыл.
Еңбек жәрмеңкесінен көрініс. Маңғыстау, 26 мамыр 2017 жыл.

Маңғыстау облысында еңбек жәрмеңкесі өтті. Ақтау мен Мұнайлы ауданында өткен жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының өкілдері 5 мың жұмыс орнын ұсынды. Олар негізінен мұғалім, дәрігер, механизатор, тракторшы мен малшылар керек екенін айтады.

Еңбек ресурстарына қажеттілік жоғары өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшуге тілек білдіргендерге бір рет берілетін 79 715 теңге субсидия ұсынбақ. Қалалық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойы үй жалдау үшін 45 мыңнан 68 мыңға дейін, ал ауылдық жердегілер үшін 34 мыңнан 45 мың теңге аралығында субсидия беріледі.

Жәрмеңкеге Сауд Арабиясы, Иран, Өзбекстаннан келген оралмандар көп қызығушылық танытты. Солардың бірі - Мұнайлы ауданында тұратын Өзбекстаннан келген Асқар Тәжімқұлов: " Маған ауыл шаруашылығы жұмысын ұсынды. Менің үйім де жұмысым да жоқ. Барған жерде алдымен баспана берсе болды" дейді.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасар Шолпан Ильмуханбетованың айтуынша, аймақтағылардың дені мұнай компанияларынан жұмыс сұрайды, бірақ оларда енді жұмыс жоқ. "Бізде де дәрігер, мұғалім жетпейді. Мәселен, оралман дәрігер келгенімен оған жеңілдікпен баспана бере алмаймыз. Сондықтан ол Солтүстік Қазақстанға бара алады. Ол жерде оған жұмыс та, баспана да бар. Бұл - ерікті көш" дейді ол.

Бұл жәрмеңке 27 мамырда Жаңаөзен қаласында жалғасады.

Қазақстан үкіметі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын 2013 жылы қабылдаған. Бұл бағдарламадан кейін солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру науқаны іске аса бастаған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен.

XS
SM
MD
LG