Accessibility links

Меркель: ЕО бұдан ары АҚШ пен Ұлыбританияға "толық тәуелді" бола алмайды


Германия канцлері Ангела Меркель мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Сицилия, Италия, 26 мамыр 2017 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Сицилия, Италия, 26 мамыр 2017 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркельдің сөзінше, Еуропа Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланып, brexit процесі басталған соң АҚШ пен Ұлыбританияға бұдан ары "толық тәуелді" бола алмайды. 28 мамырда Мюнхенде сайлауалды митингісі кезінде сөйлеген Меркель АҚШ және Ұлыбритания сияқты одақтастарымен достық қарым-қатынасты қолдаудың маңызды екенін айтты. Дегенмен ол Еуропа Одағы бұл елдерге "толық арқа сүйей алмайтынын" айтып, еуропалықтар өз тағдырын өз қолына алуы тиіс екенін жеткізді.

Бұдан бір күн бұрын Италияның Сицилия аралында өткен саммитте "Үлкен жетілік" елдерінің басшылары климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісіміне қатысты мәмілеге келе алмаған. Жеті ел басшыларының арасында сонымен қатар сауда және миграция мәселелеріне қатысты да келіспеушілік туындаған. 26 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Брюссельде Еуропа Одағы басшыларымен кездесуде Германияны НАТО-ның қорғаныс саласындағы шығындарды көбейту туралы міндетін орындамай отыр деп айыптап, неміс көліктерін экспорттауға қатысты да наразылығын білдірген.

XS
SM
MD
LG