Бағдадта мина жасырылған екі көлік жарылып, кем дегенде 27 адам қаза тапты, 100-ден астам адам жараланды деп хабарлады Ирак билігі. Алғашқы жарылыс 30 мамырға қараған түні Каррада ауданының балмұздақ сататын дүкенінде болып, одан 16 адам қаза тапты, ондаған адам жараланды. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы мойнына алды.
Бұдан бірнеше сағат өткен соң Карх ауданындағы үкімет мекемесінде болған екінші жарылыстан жеті адам құрбан болып, ондаған адам жараланды. Әзірге бұл шабуылдың жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ. Шабуыл мұсылмандар қасиетті санайтын Рамазан айы басталғаннан бірер күннен соң болып отыр. Бұл айда ирактықтар ораза ұстап, кешке ауыз ашқан соң қоғамдық орындарға көп барады.
ИМ Ирактағы көпшілікті құрайтын шииттерді "дінбұзарлар" деп санайды. Бұл елде шииттер ИМ содырларының шабуылына көп ұшырайды. 2016 жылы шілдеде Каррада ауданында миналанған жүк көлігінің жарылысынан 324 адам қаза тапқан. АҚШ пен оның одақтастары 2003 жылы Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейнді биліктен құлатқаннан бері Иракта мұндай кісі көп қаза тапқан шабуыл болмаған.