Accessibility links

Саясаттанушы: Сирияға кеткендердің балаларын қайтару қиын мәселе


Ерлан Қарин, саясаттанушы.
Ерлан Қарин, саясаттанушы.

Саясаттанушы Ерлан Қарин Сирияға кеткен және сонда қаза болған делінетін қазақстандық отбасылардың балаларын Қазақстанға қайтарудың қиын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Қарин 30 мамырда Алматыда саясаттанушы Досым Сәтбаевтың "Сөз" әдеби жобасы бойынша таныстырылған өзінің "ИГИЛ мен әл Каиданың арасында. Сирия соғысындағы Орталық Азия содырлары" деп аталатын кітабының тұсаукесерінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында айтты. Ерлан Қариннің айтуынша, кітап авторларының бірі - АҚШ сарапшысы Джейкоб Зенн.

-Ең алдымен ата-аналарының рұқсатын алу қиын. Көбісі саналы түрде кетті, саналы түрде қайтқылары келмейді. Бұл – проблема. Екіншіден, заңдық тұрғыдан қиын. Біз мысалыға көршілес кейбір мемлекеттер сияқты барып басына қапшық кигізіп қойып заңсыз түрде алып кететін ел емеспіз. Заңды түрде шешілуі керек. Сондықтан мұнда көп жағдайлар сот шеңберінде талқыланып жатыр, қайтып жатқандар бар. Бұл енді тікелей әрбір жағдаймен арнайы айналысатын мәселе. Бұл ауыр тақырып, - деді Ерлан Қарин.

Осыған дейін Азаттықта жарияланған мақалаларда баласы Сирияда қаза болғанын, сонда қалған келіні мен немерелерін Қазақстанға қалай қайтаруды білмей жүргенін айтып бірнеше ата-ана шағымданған. ҰҚК таратқан деректерге қарағанда, Сирияға Қазақстанның радикалды діни көзқарастағы 300-ден астам азаматы кеткен. Олардың бірқатары әйелі мен бірнеше баласын бірге әкетсе, Қазақстандағы ата-аналарының айтуынша кейбіреулері Сирия мен Ирак аумағына барып тағы да балалы болған.

XS
SM
MD
LG