Accessibility links

Сот Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартты


Сотқа әкелінген Жанболат Мамай (оң жақта) әкесі Мамай Бекқожиевке қарап тұр. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Алматының Медеу аудандық соты тәуелсіз журналист, "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартты.

Осы іс бойынша өткен сотқа адвокат Жанар Балғабаева, Жанболат Мамайдың сот басталғанша ешқайда кетпейтініне кепілдік берушілер Əміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, Розлана Таукина мен Рысбек Сəрсенбай қатыстырылды. Жанболат Мамайға қолдау көрсетуге келген белсенділер мен БАҚ өкілдерін сотқа кіргізген жоқ. Белсенділер сот залына таяу тұстағы терезе маңында "Жанболатқа бостандық" деген ұранмен шағын акция өткізді. Сот шешімі сот отырысы аяқталғаннан кейін бірнеше сағаттан кейін ғана жарияланды.

Жанболат Мамайдың қолдаушылары оны босатуды талап етіп, соттың сыртында ұрандатып тұр. Алматы, 31 мамыр 2017 жыл
Жанболат Мамайдың қолдаушылары оны босатуды талап етіп, соттың сыртында ұрандатып тұр. Алматы, 31 мамыр 2017 жыл

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Сот бұған дейін 27 сәуірде Мамайды қамау мерзімін 10 маусымға дейін ұзартқан. Таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының тергеу тобы тергеу амалдарының аяқталмағанына байланысты Жанболат Мамайды қамау уақытын тағы да ұзарту туралы сотқа өтініш берген.

Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.

КӨРІҢІЗ: Мамайға шыққан үкім жайлы AzatNEWS хабарында

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG