Accessibility links

Жан-Клод Юнкер: АҚШ-қа климат келісімінен шығуға жылдар кетеді


Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер.
Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер.

Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер "АҚШ президенті Дональд Трамп ғаламдық климат жөніндегі келісімнің оған қатысушыларға жүктейтін міндеттері жайлы білмейтіндіктен қателесіп отыр" деп санайды. Бұл туралы ол сәрсенбі күні Берлинде германиялық жұмыс берушілер ассоциациясы (BDA) ұйымдастырған студенттік конференцияда мәлімдеді деп хабарлайды Reuters.

"Америкалықтар климат жөніндегі келісімнен жай ғана шыға алмайды. Трамп [келісімнің] егжей-тегжейін білмейтіндіктен солай ойлайды. Еуропаның міндеті – олай емес екенін айту" деген Юнкер.

Оның сөзінше, іс жүзінде АҚШ-қа климат туралы келісімнен шығуға бірнеше жыл қажет болады.

Бұған дейін америкалық баспасөз құралдары Ақ үйдегі дереккөзіне сілтеме жасап, президент Трамп климат туралы келісімнен шығуға ниетті деген ақпарат таратқан.

Ғаламдық климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі 2016 жылғы қарашада күшіне енген. Құжатқа қол қойған 170-тен аса мемлекеттің арасында ауаға көмірқышқыл газын ең көп шығаратын елдер қатарындағы Ресей, АҚШ және Қытай бар.

Париж келісімі бойынша, АҚШ 2025 жылға қарай атмосфераға шығаратын парник газы мөлшерін 2005 жылғы деңгейінен 26-28 пайызға дейін азайтуға міндеттеме алған.

XS
SM
MD
LG