Accessibility links

Сарапшы ОА-да жаңа одақ құруды "иллюзия" деп атады


Орталық Азиядағы бес ел - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның картасы (Көрнекі сурет).
Орталық Азиядағы бес ел - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның картасы (Көрнекі сурет).

Қазақстандық сарапшы, Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков Орталық Азия одағын құру мүмкін емес деген пікір білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сарапшының сөзінше, Орталық Азия одағын құру - иллюзия, себебі Совет одағы ыдырағалы бері аймақ мемлекеттері саяси-экономикалық жағынан түбегейлі өзгерген.

"Себебі бізде қарама-қайшылықтар көп. Соның біразы шешуге де келмейді. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық жүйелері мүлдем ұқсамайды. Экономиканы ұйымдастыру шаралары да екі бөлек. Сондықтан ондай форматта қандай да бір одақ, я болмаса, бірлестікті құру мүмкін емес деп ойлаймын. Кез келген жағдайда ұлттық мүдде мәселесі жоғары тұрады. Біріккеннен бұрын ол одаққа не істей алатыныңды, не бере алатыныңды түсініп алу қажет" дейді Әкімбеков.

2 маусымда Астанада өтіп жатқан Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда парламент мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдері одағын құруды әркім әртүрлі қабылдағанымен, аймақ елдері жаңа бірлестік құру мәселесіне ерте ме, кеш пе қайта оралатынын айтқан.

"Азық-түлік, су-энергетикалық және көлік-коммуникациялық бағытта үш консорциум да қарастырылды. Соның аясында бірігу мәселесі де талқыланды. Тіпті, Орталық Азия банкін де құрып үлгердік. Алайда, аталған жобалардың бірде- бірі іске аспай қалды. Сондықтан алдағы уақытта бұған дейінгі бастамаларды жаңа тұрғыдан қарастырып, қолға алуға болады деп ойлаймын" деген Мәулен Әшімбаев. Депутат Орталық Азия аймағында нақты бір бірлестік құрылса, интеграция соның аясында ғана шектеліп қалмауы қажетін айтады.

XS
SM
MD
LG