Accessibility links

Лондонда қаза тапқандар саны жеті адамға жеткен


Шабуыл болған аумақта тұрған полиция қызметкерлері. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.
Шабуыл болған аумақта тұрған полиция қызметкерлері. Лондон, 4 маусым 2017 жыл.

Ұлыбритания билігі өткен түні Лондонда жасалған шабуылдардан жеті кісі қаза тауып, отыздан аса адамның жараланғаны туралы хабарлады. Бұған дейін қаза тапқандар саны алты адам деп хабарланған. Полиция бұл шабуылдарды теракт деп атаған.

Жексенбіге қараған түні Лондон орталығында белгісіз үшеу әуелі жүк көлігімен көпір үстінде жаяу адамдарды басып өтіп, кейін екі мейрамхана жанында көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған. Арада сегіз минуттай уақыт өткенде полиция күдіктілердің үшеуін де атып өлтірген. Түн ортасына қарай саперлер шабуыл болған жерде табылған күдікті заттарды бірнеше арнайы жарылыстың көмегімен залалсыздандырған.

Лондонның жедел жәрдем қызметі шабуылдардан кейін қаладағы ауруханаларға 48 адам жеткізілгені туралы хабарлаған. Сонымен бірге оқиға болған жерлерде де көп адамға жәрдем көрсетілген.

Бұдан бірнеше күн бұрын Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мамырдың 22-і күні Менчестердегі террорлық жарылыстан кейін елде жарияланған террорлық қауіптің ең жоғарғы деңгейін төмендеткен еді. Манчестерде өзін жарып жіберген жанкештінің шабуылынан жиырма екі адам мерт болған. Одан тура екі ай бұрын, наурыздың 22-і күні көлікке мінген терроршы Лондондағы Вестминстер көпірінде төрт адамды басып өлтіріп, онан кейін британ парламенті күзетшісін пышақтап мерт қылған.

XS
SM
MD
LG