Accessibility links

Лондон орталығындағы шабуыл


Шабуыл болған жерден кетіп бара жатқан адамдар. Лондон, Ұлыбритания, 3 маусым 2017 жыл.
Шабуыл болған жерден кетіп бара жатқан адамдар. Лондон, Ұлыбритания, 3 маусым 2017 жыл.

Ұлыбритания астанасының орталығында жасалған шабуылдардан жеті адам қаза тауып, елуге жуық адам жараланды. Скотланд-Ярд теракт деп жариялаған шабуылдарға күдікті үш адамды атып өлтіргенін хабарлады.

ЖЕТІ АДАМ МЕРТ БОЛЫП, ОНДАҒАН КІСІ ЖАРАЛАНДЫ

Маусымның 4-іне қараған түні Лондон орталығында жасалған екі шабуылдан кемінде жеті адам қаза тауып, 48 адам зардап шеккен. Полиция шабуылдарға күдікті үш адамды атып өлтірген. Бұл туралы жексенбі күні британ полициясы мәлімдеген.

Лондондағы шабуылдар туралы видео:

Лондондағы терактілерден жеті адам қаза тапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:05 0:00

Лондон көпірінде жасалған шабуылдың куәсі болған ВВС тілшісі Холли Джонс қатты жылдамдықпен келген ақ түсті жүк көлігі көпір үстінде жаяу адамдарды басып өткенін айтады.

Бұдан кейін көпірге жақын жердегі Боро базары қасында жүк көлігінен түскен белгісіз біреулер көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдағаны туралы ақпарат тарады. Полиция бұл екі оқиғаны теракт деп атаған.

Кейін Скотланд-Ярд көлік және пышақпен шабуылға күдікті үш адамды полицияның атып өлтіргені туралы хабарлады.

Әлеуметтік желіде жарияланған суретте денесіне белгісіз зат байланған ер адамның жерде жатқаны бейнеленген.
Әлеуметтік желіде жарияланған суретте денесіне белгісіз зат байланған ер адамның жерде жатқаны бейнеленген.

Полицияның мәлімдеуінше, үшеуі де денесіне "жанкешті белдігіне" ұқсайтын зат тағып алған, бірақ артынан олардың жарылғыш зат емес екені анықталған. Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі денесіне белгісіз зат байланған ер адамның жерде жатқан суретін жариялаған.

Сонымен бірге Воксхолл ауданында да пышақпен шабуыл жасалғаны туралы хабар түскен. Бірақ кейін полиция "ол оқиғаның алдыңғы екі шабуылға қатысы жоқ" деп мәлімдеген.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй үкіметтік төтенше комитеттің (КОБРА) шұғыл отырысын өткізетіні хабарланды.

ТҰТҚИЫЛДАН ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

Маусымның 4-іне қараған түні Лондон уақытымен сағат 22.00 шамасында қала орталығындағы көпір үстінде қатты жылдамдықпен келген ақ түсті жүк көлігі көшедегі жаяу адамдарды таптаған сәтте ол маңда көп адам жүрген. Бұдан соң, қылмыскерлер көпірге жақын жердегі мейрамханалар мен барлар шоғырланған көшеде жұртқа суық қарумен шабуылдаған.

Британ полициясы қызметкерлері шабуыл жасалған жерде тұр. Лондон, 3 маусым 2017 жыл.
Британ полициясы қызметкерлері шабуыл жасалған жерде тұр. Лондон, 3 маусым 2017 жыл.

Оқиға болған жерге ондаған полиция және жедел жәрдем көліктері жетіп, құқық қызметкерлері шабуыл болған ауданнан адамдарды эвакуациялады. Лондон метросының бірнеше станциясы мен төрт темір жол вокзалы жабылды.

Бұл соңғы екі айдан астам уақыттан бері Ұлыбританиядағы үшінші террорлық шабуыл. Бұған дейін наурыздың 22-і күні Лондондағы Вестминстер көпірінде көлікпен адамдарды басып өткен соң полиция қызметкерін пышақтап, британ парламентіне кірмек болған терроршыны құқық өкілдері атып өлтірген. Содан тура екі ай өткенде, мамырдың 22-і күні Манчестерде исламшыл жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 22 адам қаза тапқан.

ӘЛЕМ ЛИДЕРЛЕРІ ШАБУЫЛДАРДЫ АЙЫПТАДЫ

Әлем елдерінің жетекшілері Лондондағы шабуылдарды айыптап, бейбіт адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Ұлыбритания халқы мен үкіметіне көңіл айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "АҚШ Лондон мен Ұлыбританияға көмектесу үшін барлық мүмкіндікті жасайды, біз сіздермен біргеміз" деп жазған. АҚШ мемлекеттік департаменті ресми мәлімдемесінде "Лондондағы бейкүнә адамдарды нысанаға алған қорқақтар шабуылдарын айыптаған". Вашингтон Лондон билігінің өтініші бойынша кез-келген жәрдем көрсетуге әзір екенін мәлімдеген.

Германия канцлері Ангела Меркель "британдық достар және Лондондағы барлық адамдарға көңіл айтып, олардың қайғысын бөлісетінін" мәлімдеген. "Бүгін бізді қайғы ғана емес батылдық та біріктіреді. Терроршылдықтың кез-келген түріне қарсы біз Ұлыбритания жағында нық әрі бекем бірге күресетінімізді Германия атынан мәлімдеймін" деген Меркель.

Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдемесінде "қайғыға жолыққан Біріккен корольдікке Франция қолдау білдіретінін" айтқан.

Еурокомиссия жетекшісі Жан-Клод Юнкер құрбан болғандардың қайғысын бөлісетіні туралы мәлімдеген. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Менің ой-санам бүгін Лондон көпіріндегі қатыгез шабуылдарға кезіккендердің барлығымен бірге. Біз Лондон тұрғындарымен біргеміз" деп жазған.

XS
SM
MD
LG