Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй елдегі парламент сайлауы "жоспарлы мерзімінде өтетіні" туралы мәлімдеді. Ол мұны бүгін, өткен түні Лондонда болған шабуылдардан кейін өткен үкіметтік төтенше комитеттің (КОБРА) шұғыл отырысынан кейін хабарлаған. Британ билігі Лондондағы шабуылдарды теракт деп бағалаған.
Жексенбіге қараған түні Ұлыбритания астанасы орталығында белгісіз үшеу әуелі жүк көлігімен Лондон көпірінде жаяу адамдарды басып өтіп, кейін Боро базары маңындағы екі мейрамхана жанында көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған. Шабуылдар салдарынан жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Арада сегіз минуттай уақыта өткенде полиция күдіктілердің үшеуін де атып өлтірген. Түн ортасына қарай саперлер шабуыл болған жерде табылған күдікті заттарды бірнеше арнайы жарылыстың көмегімен залалсыздандырған.
Төтенше оқиғаға байланысты сайлауалды сапарынан Лондондағы кеңсесіне шұғыл оралған Тереза Мэй телеарнадан жасаған мәлімдемесінде жарылғышқа ұқсас етіп жасалған затты денелеріне байлап алған үш ер адамның үрей мен дүрбелең тудыруды мақсат еткенін айтқан. Ол терроризммен күрес мәселесінде «жетер» деп айтар сәт туғанын мәлімдеген.
«Біз бәрі осыған дейінгідей болып қала береді деген кейіп таныта алмаймыз және олай істеуге тиіс емеспіз» деген Тереза Мэй.
Лондондағы шабуылдарға байланысты елдегі саяси партиялардың көбі сайлауалды іс-шараларын тоқтатқан. Ұлыбританияда алдағы бейсенбі, маусымның 8-і күні кезектен тыс парламент сайлауы өтеді деп белгіленген.
Бұл биылғы жыл басынан бері Ұлыбританиядағы үшінші террорлық шабуыл. Наурыздың 22-і күні Лондонда Вестминстер көпірінде көлікпен адамдарды басып өткен соң полиция қызметкерін пышақтап, британ парламентіне кірмек болған терроршыны құқық өкілдері атып өлтірген. Содан кейін тура екі ай өткенде, мамырдың 22-і күні Манчестердегі концерт кезінде исламшыл жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 22 адам қаза тапқан.