Accessibility links

ДБ: Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 2,4 пайыз болуы мүмкін


Қазақстандағы мұнай және газ өңдейтін зауыт (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы мұнай және газ өңдейтін зауыт (Көрнекі сурет)

Дүниежүзілік банк (ДБ) биыл және келесі жылы Еуропа мен Орталық Азияда "экономикалық өсім үдей түседі" деп болжам жасады. Банк сарапшыларының пікірінше, өсімге шикізат экспорттайтын аймақ елдері экономикасының қалпына келе бастауы және геосаяси қауіп-қатер мен аймақтағы ірі елдерде ішкі саяси екіұдай күйдің бәсеңсіуі ықпал етпек.

ДБ мұнай бағасы тұрақтанып, жұмсақ макроэкономикалық саясат жүргізуінен Қазақстан экономикасы биыл 2,4 пайыз, 2018 жылы 2,6 пайызға өседі деп болжайды.

Қазақстан Ұлттық банкі биыл жыл басында 2017 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі 1,5-2 пайызға артады деп болжанып отырғанын мәлімдеген. Үкіметтің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстан ЖІӨ 1 пайызға артқан. Өсімге Каспийдегі Қашаған кен орнынан мұнай өндіріле бастауы да әсер еткен.

ДБ болжамы бойынша, Ресей экономикасының өсімі екі жылдық рецессиядан кейін биыл 1,3 пайыз, 2018 жылы 1,4 пайызды құрайды, әрі экономикалық өсімге тұтыну көлемінің артуы септігін тигізеді.

Банк сарапшылары Еуропа мен Орталық Азияда болжамды экономикалық өсім тұрақты емес және оған саяси белгісіздіктің күшеюі мен аймақтағы және одан тысқарыдағы геосаяси қатерлер кері әсер етуіә мүмкін дейді. ДБ келешекте шикізат тауарлары бағасының қайтадан арзандауы мен халықаралық қаржы қорларындағы тұрақсыздық экономикалық өсімге қауіп төндіруші факторлар болуы мүмкін дейді.

XS
SM
MD
LG