Accessibility links

Астанадағы Сирия келіссөзі кейінге қалдырылды


Әнуар Жайнақов, сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.
Әнуар Жайнақов, сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.

Астанада Сирия жөніндегі келіссөздің кезекті кезеңі кейінге қалдырылды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов журналистерге гарант елдер алдағы бірнеше аптада "Сирияда деэскалация аймақтарын туралы келісімді іске асыруға және соғыс қимылдарын тоқтату режимін нығайтуға қатысты басқа да мәселелерді өзара келісіп алу үшін" өздері кездесетінін айтты.

Ол Астанадағы кездесудің нақты қай күні өтетінін айтпады, бірақ енді гарант елдер - Ресей, Иран және Түркия Қазақстанды өзара келіскен келіссөздің мерзімі, деңгейі және күн тәртібіне қатысты хабардар ететінін жеткізді.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Астанадағы келіссөздің келесі кезеңі 12-13 маусымда болуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Астанада бұған дейін өткен келіссөздің төртінші кезеңінде Сирияда "деэскалация аймақтарын" құру туралы меморандумға қол қойылған. Ол келіссөзге қатысқан Сирия оппозициясы Ресей ұсынған Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру жоспарын қабылдамаған. Гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран "деэскалация аймақтарын" құру туралы меморандумға қол қойғаны хабарланған соң Сирия оппозициясы делегациясының өкілі Усама Абу Зейд Сирия территориялық тұтастығын сақтап қалуы тиіс деп мәлімдеген.

Сириядағы соғыста Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асадты, ал Түркия оппозициялық кейбір көтерілісшіл жасақтарды қолдайды.

XS
SM
MD
LG