Accessibility links

Назарбаев Астанада Қытай төрағасымен кездесті


Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі. Астана, 8 маусым 2017 жыл. Сурет Ақорданың ресми сайтынан алынды.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі. Астана, 8 маусым 2017 жыл. Сурет Ақорданың ресми сайтынан алынды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі жақты экономикалық байланыстар жайын талқылады деп хабарлайды ресми БАҚ.

Кездесуде Назарбаев соңғы бір жыл ішінде Қытай президентімен үшінші рет кездесіп отырғанын айтып, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы "мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі саналатынын", "екі ел арасында шешілмеген мәселе жоғын" жеткізді.

Назарбаев Қытайдың Қазақстан экономикасында тікелей инвестиция салу, бөлінген несие және бірлескен кәсіпорын көлемі бойынша негізгі серіктеске айналғанын айтты. Оның сөзінше, қазір Қазақстанға 51 кәсіпорын көшіріліп жатыр. "Қазір үш кәсіпорын жұмыс істеп тұр, алтауы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, ары қарай да жалғастырамыз. Энергетика, транспорт, логистика бойынша жұмыс істеліп жатыр" деді Назарбаев.

Си Цзиньпин Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отырғанын айтты. "Барлық деңгейдегі мұндай жылы әрі тығыз байланыстар қазақстан-қытай қарым-қатынасының стратегиялық маңызы барын көрсетеді" деген Си Цзиньпин Назарбаевқа Қазақстанға сапарын "өте тамаша ұйымдастырғаны үшін" алғыс білдірді.

Си Цзиньпин Астанаға 7 маусымда кешке келген. Ол мұнда бүгін басталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдері басшыларының саммитіне қатысады.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин соңғы рет биыл 15 мамырда Пекинде Қытай президентінің Ұлы Жібек жолын жаңғыртатын "Бір белдеу – бір жол" бастамасы бойынша өткен саммитте кездескен.

XS
SM
MD
LG