Accessibility links

HRW: Гутерриш Астанаға адам құқығын бұзбауды ескертуі тиіс


Хью Уильямсон, Human Rights Watch ұйымының Еуропа және орталық Азия бойынша директоры.
Хью Уильямсон, Human Rights Watch ұйымының Еуропа және орталық Азия бойынша директоры.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришті Орталық Азия мемлекеттеріне сапарында аймақ елдеріндегі адам құқықтары жағдайының нашарлағанын ашық қозғауға шақырды. "Антониу Гутерриш сапарында Орталық Азия елдерінің басшыларын нақты іс-әрекеттер жасауға, оның ішінде азаптау мен демонстрацияларды басып-жаныштауды тоқтатып, ой-пікір еркіндігін қамтамасыз етуге ықпал жасауы тиіс" дейді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Ұйым Гутерриштің сапары Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңына түсетінін және Қазақстан билігі көрмені халықаралық аренадағы беделін көтеруге пайдаланып қалғысы келетінін айтады. "Бірақ көрме Қазақстан билігі елдегі адам құқықтарын аяққа таптап отырған тұста өтейін деп тұр" деген HRW бұған мысалға мұнайшылар кәсіподағының жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың, белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның "саяси астары бар айыптармен" сотталғанын келтіреді. "Гутерриш Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқықтарына қатысты нормаларын бұзбауы оның халықаралық деңгейдегі дәрежесінің ұзақ уақыт сақталуының басты факторы болатынын айқын ұғындыруы тиіс" дейді HRW.

Антониу Гутерриш 8-13 маусым аралығында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанға барып, осы елдердің президенттерімен кездеседі. Ол сонымен қатар қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және терроризмге қарсы мәселелер бойынша халықаралық конференцияларға қатысады.

HRW Орталық Азияның бірқатар мемлекеті әлемдегі адам құқығын өрескел бұзатын елдер қатарында екенін айтады. "Құқық қорғаушылар мен басқа да адамдарды азаптау, саяси мақсатта түрмеге жабу, наразылық жиындарын, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың қызметін шектеу - бұл аймақ елдеріндегі басты мәселелер" дейді құқық қорғау ұйымы.

XS
SM
MD
LG